Zhambyl Regional Historical and Local Lore Museum

About the museum

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақстан Республикасындағы ең көне музейлерінің бірі болып табылады. Алғаш рет мұражай 1931 жылы 25 тамызда бұрынғы Әулиеата қаласында, бүгінгі Тараз шаһарында тарихи жәдігерлер жинақталған мұражай  ретінде ашылып, 1940 жылдары облыстық мұражай болып қайта құрылған. Ал, 1970   жылдары Бүкілодақтық туристтік маршрутқа қосылып, 1977   жылдан     бастап    шетелдік туристтер   қабылдай бастайды. Аталмыш кезеңде     музейдің экспозициялық ауданы    небәрі 328,5    шаршы метрді    құраған. Музей    ашылған алғашқы жылдарда құнды    жәдігерлер болып    археологиялық олжалар есептелген. Музейді қайта құру тұңғыш ғылыми жоспарын сол кездегі музейдің ғылыми қызметкері, белгілі ғалым, өнертану ғылымдарының докторы  Л.И.Ремпель жасаған. Біздің рухани байлығымыз тарихымызды айғақтайтын жәдігерлеріміз әлем елдеріне ашық көрсетіле бастады. Байтақ өлкеміздің мәдени мұраларын қорғау, зерттеу, насихаттау, баянды дәстүрін таныстыру, көнені  көздің қарашығындай сақтау және қазіргі құндылықтарды қастерлеу арқылы көне түркі тайпаларының төл мәдениетін әлемге танымал ету міндеті жүктелген.

Музей экспозицияларының жасақталуы мен қорының толығуына П.Косивцев, Л.И.Ремпель, К.Байбосынов, Ж.Қазиева, А.Попов, Г.И.Пацевич және т.б. зерттеуші-ғалымдардың баға жетпес еңбектері болды.

2019 жылы Жамбыл облысының  80-жылдық мерейтойына орай, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде орналасқан  шығыс стилінде жасалған жаңа ғимаратқа көшірілді. Музей ғимараты 2 қабаттан тұрады. Жалпы аумағы 4015 шаршы метрді құрайды. Музей қорында 72 мыңнан астам бірегей және құнды жәдігерлер сақталған. Олар ішінде: тарихи, археологиялық коллекциялар, нумизматика, тарихи-тұрмыстық заттар қолжазбалар мен баспа құжаттары,бейнелеу және сәндік өнер туындылары және т. б. Олардың бірқатары Италия, Астана, Алматы қалаларында өткен көрмелерде көрсетілген еді. 

Сондай-ақ музейдегі үлкен жаңалықтың бірі — заманауи инновациялық технология, лазер арқылы жасалған, суреттерді көрсететін голограмма. Голограммаға облысымыздың тарихи —архитектуралық ескерткіштері виртуалды түрде көрсетіледі. Келушілер іс жүзінде 3D форматтағы голографиялық шоуды жан-жағынан тамашалай алады.

Мұнда өлкеміздің бай табиғи мұрасымен қатар, түрлі қазба байлықтары, тарихи бұйымдар орын алған. Музейге келушілер Жамбыл облысының тарихымен, археологиялық қазбалар кезінде табылған бірегей жәдігерлерімен танысып,  өлке тарихы және даңқты тұлғалары жайлы мол мағлұмат ала алады.  Осы мақсатта музейге келушілерге екі тілде (қазақ, орыс), шетелден келген туристерге (ағылшын) тілдерінде шолу, тақырыптық экскурсиялар жүргізіледі.