Zhambyl Regional Historical and Local Lore Museum

«Жамбылдың жауһар жырлары» атты әдеби-танымдық іс-шара өтті

2026 жылғы 24 ақпан күні Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залы мен Бауыржан Момышұлы музейінде қазақ халқының ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жамбылдың жауһар жырлары» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

«Даңқ» залының меңгерушісі Демешов Құрманғазы Мыңжасарұлы сөз сөйлеп іс-шараны ашты. Басты мақсаты — жыр алыбының өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық рухқа, отансүйгіштікке және сөз өнеріне деген қызығушылығын арттыру.

Кеш барысында қатысушылар назарына Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян ұсынылып, ақын мұрасы жайлы тағылымды ойлар айтылды.

Тараз қаласындағы «Жамбыл» атындағы №5 мектеп-гимназиясы мен №39 мектеп- гимназия оқушылары ақынның жүрекке жетер өлең-жырларын мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Музейдің ғылыми қызметкері Алдабеков Жазылбек жыр алыбының өмір жолы мен қоғамдағы тарихи орны туралы мазмұнды баяндама жасады.

Сонымен қатар, А.Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театры актерларының орындауында ақын тұлғасын сахналық тұрғыда танытатын «Жамбылдың қызыл жолбарысы» қойылымынан үзінді ұсынылды.

Тағылымды кеш соңында қонақтар «Даңқ» залындағы тарихи жәдігерлермен танысып, экскурсияға қатысты.

Ұлт рухын асқақтатқан Жамбыл жырлары — халықпен бірге мәңгі жасай бермек!