«Жыр әлемі – ұрпаққа аманат» атты музейде тағылымды сабақ өткізілді
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі ұлы жырау, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына арналған «Жыр әлемі – ұрпаққа аманат» атты музей сабағын ұйымдастырды.
Тағылымды шараға Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицейінің оқушылары қатысып, қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің өмір жолы мен шығармашылық мұрасымен кеңінен танысты.
Сабақ барысында оқушыларға ақынның өмірбаяны, айтыс өнеріндегі шеберлігі, ел бірлігі мен отансүйгіштікті жырлаған толғаулары туралы мазмұнды мәліметтер берілді. Әсіресе, Жамбыл жырларындағы адамгершілік, әділдік, батырлық пен туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыптары кеңінен талқыланды. Музей қызметкерлері көрме залындағы жәдігерлер арқылы ақын дәуірінің тарихи-мәдени ерекшеліктерін түсіндіріп, оның шығармаларының бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
Іс-шара барысында оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Танымдық сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылып, жастар белсенділік танытты. Бұл музей сабағы жас буынның ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге, тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған мазмұнды әрі әсерлі кездесу болды.







27 February 2026
11