Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

«Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» көшпелі көрмесі

Бүгін Қызылорда облысы, Шиелі ауданында орналасқан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Аталған көрме Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің 95 жылдығына және ел тарихында өшпес із қалдырған, Жамбыл өңірінен шыққан бірқатар ұлы тұлғалардың мерейтойларына орай ұйымдастырылды.

Шара барысында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залы Б.Момышұлы музейінің меңгерушісі Демешев Құрманғазы Мыңжасарұлы мен аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Шәлекеева құттықтау сөз сөйлеп, көрменің тарихи және тәрбиелік маңыздылығына тоқталды. Олар өз сөздерінде ел тарихына мәңгілік із қалдырған ұлы тұлғалардың мұрасын насихаттаудың жас ұрпаққа патриоттық сананы сіңірудегі маңызын ерекше атап өтті.

Көрме экспозициясында қазақ қоғамының рухани әрі мәдени өмірінде айрықша орын алған тұлғалардың жеке заттары, сирек кездесетін фотосуреттері, кітаптары мен қолжазбалары көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы саны 100-ден аса құнды жәдігер қойылды. Олардың әрқайсысы ұлы тұлғалардың өмірі мен қызметін айшықтайтын тарихи асыл мұра болып табылады.

Салтанатты іс-шараға Шиелі ауданының тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қонақтар экспозициямен мұқият танысып, әрбір жәдігердің тарихы мен тағылымдық мәніне ерекше қызығушылық білдірді. Көрме көпшілікке өткен мен бүгінді жалғап, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымды шара ретінде әсер қалдырды.

Айта кетейік, көшпелі көрме Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінде 17–23 ақпан аралығында жұмыс істейді. 24–28 ақпан күндері көрме Жаңақорған ауданында өз жалғасын табады.